↑ Return to Қазақстан

Экономика

Экономика және әлеуметтік сала

Қазақстанда нарықтық экономикаға өту ойдағыдай жүзеге асырылды. 2000 – 2006 жылдар  аралығында  экономиканың жыл сайын 10 пайыз өсуі  (ЖІӨ)  байқалды.

Қазақстан уақтылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында 2008-2009 жылдары ғаламдық дағдарыс кезінде әлем елдерінің ішінде экономикасының дамуы жалғасқан бірден бір ел болып табылады. 2010 жылы Қазақстан экономикасы өсуді қалпына келтіру сатысына аяқ басты (2009 жылы ЖІӨ өсуі 7,3% болды).

Қазақстан экономикасының тұрақтылығына және  әртараптандыру мен индустриялық даму жолына түскендігіне  өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету  секторы    қарқынды дамыған  2011 жылы ЖІӨ өсімінің қамтамасыз етілу фактісі айғақ болады.

Алдын ала бағалау бойынша 2011 жылы халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 11 мың АҚШ долларынан асып түсті.

Республикада мұнай өндіруді дамытуда оң серпін байқалуда.  Мәселен,  2011 жылы  газ конденсатын қоса алғанда,    80 млн. тоннадан астам мұнай өндірілді.

Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның негізгі басымдықтары  жаңа  экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндіріс құру, ұлттық инновациялық жүйені  дамыту және нығайту,  индустрияландыру процесіндегі  шағын және орта бизнестің рөлін күшейту,  еңбек өнімділігін арттыру болып табылады.

Аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру  өз жемісін беруде.  Индустрияландыру картасы шеңберінде  2010-2011 жылдары  1,8 трлн. теңге сомасына  389 жоба іске қосылып,  90 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Республикада  инвестиция тарту,  жаңа өндірістер құру, қызмет көрсету мақсатында құрылған арнайы экономикалық аймақтардың  рөлі күшеюде. Мәселен,  осы арнайы экономикалық аймақтарды құрудың негізгі мақсаты: «Ақтау теңіз порты»  – химия, мұнай-химия және металлургия өнеркәсібін дамыту; «Оңтүстік» – тоқыма өнеркәсібін дамыту; «Астана – жаңа қала»  – машина жасау,  металлургияны, тамақ өнеркәсібін  дамыту және қазіргі заманғы  инфрақұрылым құру; «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» –  көмір сутегі  шикізатын тазалау, терең өңдеу бойынша  мұнай-химия өндірісі мен технологиясын жасау; «Бурабай» – туризмді,  туристік инфрақұрылымды,  әртүрлі туристік қызмет көрсетуді дамыту; «Ақпараттық технологиялар паркі» – телекоммуникация, байланыс,  мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу,  электроника мен аспап жасауды дамыту  саласында  технология құру;  «Сарыарқа» –  металлургияны және металл өңдеуді, химия өнеркәсібін дамыту; «Қорғас – Шығыс Қақпасы» – қосалқы көлік қызметін,  қойма шаруашылығын, химия, жеңіл өнеркәсібін дамыту; «Павлодар» – химия және мұнай-химия өнеркәсібін дамыту  болып табылады.

«Арнайы экономикалық аймақтар туралы» жаңа Заң  арнайы экономикалық аймақтарға кәсіби басқарушы компанияларды  тартуға мүмкіндік береді.

Республикада  электр энергетикасы, машина жасау, авиақұрылыс, локомотивтер мен вагондар  шығару, құрылыс индустриясы және т.б. жаңа салалар құрылып жатқанын атап өткен жөн.

Елде отандық кәсіпкерлер табы  қалыптасқан.   2012 жылдың

1 қаңтарында  белсенді жұмыс істейтін 748,8 мың  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері  2,6 млн. қазақстандықты жұмыспен қамтыған.

Бизнестің жаңа бастамаларына  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде қолдау көрсетілуде, ал халықтың кәсіпкерлік бастамаларына  микрокредит беру және  Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы шеңберінде  бизнес дағдыларын үйрету арқылы  мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Жаңа Салық кодексінің қабылдануы  кәсіпкерліктің  қарқынды дамуына  ықпал етті, онда салық ауыртпалығын азайту –  корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін  20 пайызға дейін және ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайызға дейін төмендету көзделген.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін оңайлатылған салық есептілігі (декларациясы)  мен төмендетілген салық мөлшерлемесі бар  арнайы салық режимдері көзделген.

Лицензиялар мен рұқсаттар санын азайту арқылы  бизнесті  дамытуда  кездесетін әкімшілік тосқауылдар азайтылды.

Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жөніндегі рейтингінде  Қазақстан 47-ші орында тұр.

Қазақстанның өңірлік және ғаламдық интеграциялық процестерге  қатысуының арқасында  қазақстандық бизнес пен қазақстандықтар үшін  кең мүмкіндіктер ашылған. Интеграциялық  процестердің пайдасы баршаға мәлім. Мәселен,  Кеден одағы жұмыс істеген бір жыл ішінде  Қазақстанның  оған қатысушы елдермен  өзара сауда-саттығы   2010 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 39,7%-ға   ұлғайған.

Бүгінгі таңда, Қазақстан, Ресей, Беларусь   Кеден одағынан   Бірыңғай  экономикалық кеңістікке  (бұдан әрі – БЭК) бастайтын  Еуразиялық жобаны іске асырудың жаңа кезеңіне қадам басты.

БЭК шеңберінде  өткізу нарығын кеңейту,  тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің  еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасалуда.

Республикада  инфрақұрылым (көлік, коммуникация және байланыс) нығая түсуде.  Стратегиялық тұрғыдан маңызды объект –   «Атасу – Алашанькоу» мұнай құбыры іске қосылды, ол мұнай компанияларының перспективалы өткізу нарықтарына шығуын  қамтамасыз етеді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  трансконтинентальды автомобиль дәлізін  салу жөніндегі ауқымды жұмыс  қыза түсті.

Қазақстан нарығында сымсыз байланыс ойдағыдай дамып келеді.  Республикадағы  сымсыз байланыстың көшбасшысы ұялы байланыс болып табылады.  Ұялы байланыс абоненттерінің саны  2011 жылы  23,1  млн. бірлікті құрады.

Қалааралық, халықаралық телефонмен сөйлесу  саны өсуде.  Қалааралық, халықаралық телефонмен сөйлесу бойынша шығыс трафигі  2010 жылы 900,3 млн. бірлікті құрады.

2011 жылы  Интернет желісі абоненттерінің саны  1291,4 мың  бірлікке жетті.

Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету,  мемлекеттік бюджеттің шикізат тауарлары бойынша   сыртқы конъюнктураға  тәуелділігін төмендету үшін  ТМД елдерінің ішінде  тұңғыш рет Ұлттық қор құрды. Ұлттық қордың активтері  2011 жылдың желтоқсанында  шетел валютасымен алғанда  43,7 млрд. АҚШ долларын  құрады.

Жалпы Қазақстанның  халықаралық резервтері  Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда,  73 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қолайлы ахуал жасаудың  арқасында  ел экономикасына  едәуір инвестиция тартылды.  1993 –  2010 жылдар аралығында және  2011 жылдың  қаңтар-қыркүйек айларында  Қазақстан экономикасына  шамамен  142,4 млрд. АҚШ долларын құрайтын тікелей шетел инвестициясы тартылды.

Ел экономикасы дамуының оң үрдістері  Standard&Poor’s и Fitch Rating’s Ltd агенттіктерінің  егемен  рейтингілерін тиісінше «ВВВ+» және «ВВВ»  деңгейіне дейін  жақсартуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейі жақсаруда. Соңғы  10 жыл ішінде  қазақстандықтардың  жан басына шаққанда орташа  номиналды ақшалай кірісі бір ай ішінде  6,3 есе өскен,  бір жұмыскердің  орташа айлық номиналды жалақысы 5,4 есеге артқан,  жалақының ең төменгі мөлшері  5,5 есе көбейді.

Тұтастай алғанда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз  табыс табатын халықтың үлесі 1996 жылы 34,6% болса, 2010 жылы 6,5 %-ға дейін азайған.

Елдегі Джини коэффициенті  (халық топтарының 10 % бойынша)   1993 жылғы 0,319-бен салыстырғанда, 2010  жылы 0,278-ді құрады.

Мемлекет демографиялық ахуалды жақсартып, балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында  2003 жылдан бастап  бала тууға байланысты  біржолғы жәрдемақы төлейді, ал 2006 жылдың шілдесінен бастап – баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы төлене бастады.

Республикада жұмыссыздық деңгейі төмен.  2011 жылғы желтоқсанда  жұмыссыздық деңгейі  5,4 % болды.  Жұмыспен қамту деңгейі  үнемі артуда. 2000 жылы 6,2 млн. адам жұмыспен қамтылса, 2011 жылғы желтоқсанда  жұмыспен қамтылған халық саны 8,4 млн. адамды құрады.

Қазақстанның үдемелі экономикалық өсуі  2001 – 2010 жылдар  аралығында  білім беруді қаржыландыруды – 7,7 еседен астам, денсаулық сақтауды қаржыландыруды   9,2 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды жетістігі –  әлемде қабылданған «бакалавр – магистр – PhD докторы» үш сатылы даярлыққа көшуі және Болон процесіне қосылуы болып табылады.

Қазақстандағы «Болашақ» бағдарламасы еліміздің жаңа адами капиталға  қосқан  алғашқы үлесі болды.  Енді бұл бағдарлама  біліктілігі ең жоғары – магистр, PhD докторы мамандарын даярлауға бағытталатын болады.

Республикада зияткерлік мектеп желілері жұмыс істейді.

Сонымен қатар, республикада ана өлімінің азаюы байқалады, мәселен, 2001 жылы 100 000 тірі  туған аналардың арасында  48,6 оқиға тіркелсе,  2011 жылы (9 ай ішінде) 17,1 оқиғаға дейін немесе 2,8 есе азайған.

Жұқпалы аурулардың  вирусты гепатит түрімен ауыру жағдайларының  100 000 тұрғынға шаққанда  8,5 есеге азаюы (2001 жылмен салыстырғанда 2011 жылғы қаңтар-қараша),  тыныс алу органдары  туберкулезімен  ауырудың  2 есеге азаюы байқалуда.

Халықтың өмір сүру ұзақтығы 2001 жылы 65,8 жас болса, 2010 жылы 68,4 жасқа өскен, яғни 2,6 жасқа ұлғайған.

Адами даму индексі бойынша (бұдан әрі – АДИ) Қазақстан АДИ деңгейі жоғары елдер тізіміне енді (66-орын).